2019 жылдың 26-27 қыркүйегінде Қостанай қаласындағы «JASTAR SARAIY» залында облыс әкімінің қолдауымен Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай «Бейімбеттің биігі» атты республикалық  ақындар айтысы өтті.

Бұл додаға «Жүрсіннің жүйріктері» қатарындағы Болатбек Оразбаев (Алматы қ.), Серік Құсанбаев (Өскемен қ.), Шұғайып Сезімхан (Алматы қ.), Жарқын Жұпархан (Солтүстік Қазақстан обл.), Мейірбек Сұлтанхан  (Қызылорда қ.), Айнабек Бейсенғалиев (Батыс Қазақстан обл.), Әсем Ережеқызы (Нұр-Сұлтан қ.), Қостанай облысы атынан Айбек Қалиев (Арқалық қ.), Марғұлан Оспанов (Қостанай қ.), Салтанат Өтелбаева (Қостанай қ.), Медет Байзақов (Қостанай қ.), Мамай Ізтілеу (Б.Майлин ауданы), Тоба Өтепбаев (Қостанай қ.), Батырлан Сағынтаев (Арқалық қ.) сынды айтыс ақындары қатысты.

Айтысты М. Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, ақын, мәдениет қайраткері, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.

Екі күн өткен айтыстың ақтық сайысына 4 жұп шықты: Серік Құсанбаев (Өскемен қ.) – Салтанат Өтелбаева (Қостанай қ.), Тоба Өтепбаев (Қостанай қ.) – Мейірбек Сұлтанхан  (Қызылорда қ.), Айнабек Бейсенғалиев (Батыс Қазақстан обл.) – Әсем Ережеқызы (Нұр-Сұлтан қ.), Айбек Қалиев (Арқалық қ.) – Шұғайып Сезімхан (Алматы қ.).

Айтысқа тігілген «Лада Гранта» жеңіл көлігін жерлесіміз, ақтаңгер ақын Айбек Қалиев жеңіп алды. 1 орынды қызылордалық ақын Мейірбек Сұлтанхан иеленсе, 2 орын Әсем Ережеқызына бұйырды. 3 орынды Серік Құсанбаев, Салтанат Өтелбаева, Шұғайып Сезімхан бөлісті. Омар Шипин атындағы арнайы сыйлықты Тоба Өтепбаев пен Айнабек Бейсенғалиев алды. Қалған ақындарға да қатысқаны үшін сыйлық тапсырылды.