Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Музей дилижансы – Жеңіс жолында» атты мәдени-білім беру жобасы 10 ақпанда бастау алды.

Қостанай қаласындағы №18 бағыттағы жолаушылар автобусының екінші қабатында музей қорынан қостанайлық-жауынгерлердің фотосуреттері, құжаттары, соғыс жылдарының жәдігерлері қойылған жылжымалы көрме жұмыс істеді. Көрме аясында музей қызметкерлері Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қостанай облысының тарихы бойынша жолаушыларға экскурсия жүргізді. «Музей дилижансы» жолаушыларының арасында Қостанай автокөлік техникумының студенттері болды. Соғыс жылдарының танымал әндерін тыңдай отырып жолаушылар Қызыл Армия жауынгерлерінің майдан хаттары түпнұсқаларының санды көшірмелерін оқыды.

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі осы іс-шараны өткізуде көмек көрсеткені үшін «Туристтранссервис» ЖШС басшылығына зор алғыс білдіреді.

Мәдени-білім беру жобасы мамыр айының соңына дейін ай сайын өткізіледі. Іс-шараға қатысуға 50-03-89 телефоны бойынша тапсырыс беруге болады.