2020 жылдың 13 ақпанында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай – поэзия әміршісі» атты әдеби кеш өтті. Оған ақын-жазушылар С.Оспанов, Н.Мұқатов, Ә.Беркенова, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, оқытушылар, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің  студенттері қатысты. Кеш барысында облыстық музей қорынан және Абайдың «ЖидебайБөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығынан алынған фотосуреттердің компьютерлік тұсаукесері көрсетілді. «Абай әндері» фильмінен сюжеттер, Абайдың 150 жылдығына арналған айтыстан үзінді тамашаланды.

Кеште ақындар С.Оспанов, Н.Мұқатов және айтыскер ақын Ә.Беркенова Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайында айтып өтті. Ақындар С.Оспанов, Н.Мұқатов ақынға арналған өлеңдерін оқыды. Кеш барысында Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншілері С.Әбілев пен М.Қадыров  Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Татьянаның хаты» әндерін орындады. Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы Н.Әмірхамзин Абайдың «Торы жорға» күйін шертті. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенттері Абайдың өлеңдерін оқыды.